Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Әзербайжанның Астанадағы елшілігіне барып, ұшақ апатына байланысты ашылған көңіл айту кітабында жазба қалдырды.
Еуразия Тудейдің Телеграмдағы Үкімет арнасындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша Олжас Бектенов кітапқа: «Бұл қиын сәтте Қазақстан Үкіметінің және өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, апат салдарынан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін, әзербайжан халқына сабыр мен төзімділік тілеймін. Біз бауырлас Әзербайжанға тиісті көмек қолын созып, жан-жақты қолдау көрсетеміз», — деп жазды.
Бұған дейін Премьер-министр қаза тапқан қазақстандықтардың туған-туыстарына көңіл айтып, зардап шеккен Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтарына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Ақтау қаласына келген қаза тапқан жолаушылардың отбасы мүшелеріне қажетті көмек көрсетілуде.
26 желтоқсанда Әзербайжанда қаралы күн жарияланды.












