Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымында аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевты қабылдауында айтты.
Президентке ШЫҰ-ның қазіргі қызметі мен басым бағыттары жөнінде ақпарат берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның ерекшелігіне тоқталып, оның саяси, экономикалық және мәдени салалардағы өзара ықпалдастықты арттыруда әлеуеті зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылады.
Мемлекет басшысы Ұйымның жұмысын одан әрі жетілдіру, халықаралық бірлестіктермен байланысын жандандыру, сондай-ақ Қазақстанның ұсынысымен ШЫҰ-да қабылданған «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы ілгерілету маңызды екенін баса айтты.
Нұрлан Ермекбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ШЫҰ Бас хатшысы қызметіне кіріскен болатын.












