Иран Президенті Масуд Пезешкиан бүгін, жұма күні Ресейге ресми сапармен келді.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Президент Пезешкианның ұшағы Мәскеу уақытымен 10:17 шамасында Внуково-2 әуежайына қонды.
Пезешкиан сапарында Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізеді. Сонымен қатар, президенттер Мәскеу мен Тегеран арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қояды деп жоспарлануда.
Президент Пезешкианды әуежайдан РФ Энергетика министрі Сергей Цивилев бастаған ресейлік делегация қарсы алды.
Делегация құрамында Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко мен хаттама департаментінің директоры Игорь Богдашев бар.
Путин мен Пезешкианның алдағы кездесуі үшінші кездесу болмақ. Мұның алдында екі ел президенттері Ашхабадтағы халықаралық форум аясында, кейін Қазан қаласындағы БРИКС саммитінде кездескен болатын.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 14 қаңтар күні Ресей Федерациясы мен Иран арасындағы келісімге қол қойылатынын хабарлады.
Кремль өкілінің айтуынша, Мәскеу алдағы құжатқа қол қоюға үлкен мән береді. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи келісімде қорғаныс альянсын құру қарастырылмағанын айтты.
Екі елдің жауапты тұлғаларының айтуынша, кешенді стратегиялық серіктестік туралы келісім екіжақты ынтымақтастықтың барлық салаларын, оның ішінде қорғаныс, лаңкестікке қарсы күрес, энергетика, қаржы, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет, ғылым және технологияны қамтып, екі елдің түрлі салаларында жаңа көкжиектер мен мүмкіндіктерге жол ашады.












