Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Ареф екі мемлекет басшылары үкіметтер алдына екіжақты сауда көлемін $3 млрд-қа дейін арттыру міндетін қойғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Ареф бұл туралы Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновпен Алматы қаласындағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясындағы кездесуде мәлімдеді.
Кездесуде сауда-экономикалық қарым-қатынасты тереңдету, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Мохаммад-Реза Ареф: “Мемлекеттеріміз географиялық және аумақтық жағынан байланысып жатыр. Елдеріміздің көшбасшылары арасында сындарлы саяси диалог орнатылды. Екі мемлекет басшылары үкіметтер алдына екіжақты сауда көлемін $3 млрд-қа дейін арттыру міндетін қойды. Біз өз тарапымыздан екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылауға дайынбыз», — деді.
Олжас Бектенов: “Біздің басты мақсатымыз – екі мемлекет басшылары айқындаған міндеттерді толығымен жүзеге асырып, Қазақстан-Иран ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге көтеру. Біздің сауда-экономикалық әріптестігіміздің әлеуеті жоғары, оны одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Өзара құрмет пен достық аясында өтіп жатқан бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді деп сенемін», — деді.
















