Әзірбайжан Республикасының Президенті Илһам Әлиев Иран Президентіне жолдауында Бакудің Әзірбайжан-Иран байланысын жан-жақты дамытуға ерекше мән беретінін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Әзірбайжан Президенті Илһам Әлиев ирандық әріптесі Масуд Пезешкианға жолдауында Президент пен Иран халқын ислам революциясы жеңісінің жылдығымен шын жүректен құттықтады.
Әлиев жолдауында: «Біз Әзірбайжан мен Иран қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға ерекше мән береміз. Біздің мемлекеттеріміз арасындағы жақын байланыс тарихи, мазхабтық және мәдени ортақ құндылықтардан бастау алады.
Бүгінде біздің елдеріміз экономика, сауда, тасымал, энергетика және басқа салаларда тиімді ынтымақтастыққа ие.
Сондай-ақ, біздің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытып, оны жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру арқылы байыту үшін тиімді әлеуеттер бар.
Мен Әзірбайжан-Иран байланысы мен қарым-қатынасы елдеріміздіің өркендеуі мен аймақтың қауіпсіздігі үшін достық, бауырластық, жақсы көршілестік негізінде дамиды деп санаймын.
Бүгінгі айтулы күні Сізге денсаулық, қуаныш, қызметіңізге табыс, дос әрі көрші Иран халқына бейбітшілік пен даму тілеймін», — деп жазды.
Әзірбайжан Президенті Илһам Әлиев Иранның діни жетекшісі аятолла Әли Хаменеиді Ислам революциясы Жеңісінің 46-шы жылдығымен құттықтап, ізгі тілек жолдады:
«Мәртебелі аятолла Хаменеи!
Иран Ислам Республикасының ұлттық мерекесі – Ислам революциясының Жеңіс күні мерекесіне орай жеке өз атымнан және Әзірбайжан халқының атынан Сізге және Сіз арқылы бүкіл халқыңызға шын жүректен құттықтауыма мен ізгі тілегімді жолдаймын.
Әзірбайжан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы қарым-қатынас ғасырлар бойы достық пен тату көршілестік жағдайында өмір сүріп, ортақ рухани құндылықтарға ие халықтарымыздың ерік-жігерінен бастау алады.
Біз осы негізде құрылған мемлекетаралық қатынасты дамытуға және ынтымақтастығымызды кеңейтуге ерекше мән береміз.
Қазіргі уақытта екіжақты күн тәртібіне екі тарапты да қызықтыратын бірқатар мәселе енгізілген. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз елдеріміз арасындағы тереңірек ынтымақтастыққа қол жеткізе аламыз деп ойлаймын.
Өзара құрмет пен тату көршілестікке негізделген Әзірбайжан-Иран қарым-қатынасы біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың мүдделері үшін дамып, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қызмет ететініне сенемін.
Осындай атаулы күні Сізге зор денсаулық, ісіңізге табыс, ал дос және бауырлас Иран халқына амандық пен өркендеу тілеймін», — деп жазылған.















