Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Жеделхатта: «Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді.
Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған.
Айта кетейік, Дулат Исабеков — кеңестік және қазақстандық жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері.
Ол 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келіп, кеше, 2025 жылғы 21 ақпанда Алматы қаласында көз жұмды.
















