Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан мен Иран ғалымдарының бірлескен ғылыми еңбектері таныстырылды.
Еуразия Тудейдің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы Гүлбақыт Құдайбергенованың материалына сілтеме жасап хабарлауы бойынша 12 наурызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында Қазақстан мен Иран ғалымдарының бірлескен зерттеулерінің нәтижесінде жарық көрген ғылыми еңбектердің таныстырылымы өтті.
Еңбектер әл-Фараби мұрасын бірлесіп зерттеу аясында әзірленіп, екі елдің ортақ мәдени және ғылыми байланысын нығайтуға бағытталған.
Екі ел арасындағы ғылыми жобаның нәтижелері бойынша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасындағы қолжазбалар тізімі дайындалып, 400 беттік ғылыми анықтама ретінде жарық көрді.
Қазақстан мен Иран тарихын салыстырмалы зерттеу арқылы Алаш Орда мен Ирандағы конституциялық қозғалыстың ұқсастықтары мен ерекшеліктері зерттеліп, екі елдің саяси-әлеуметтік дамуына қатысты жаңа тұжырымдар жасалды.
Тарихи құжаттар бойынша Иран мұрағаттарынан XVIII-XIX ғасырларға жататын 100-ге жуық маңызды құжат анықталды. Бұл материалдар Қазақстанның, Түркістан өлкесі мен Орталық Азияның тарихын жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Жоғарыда аталған еңбектерді таныстырылым барысында сөз сөйлеген Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сейед Али Моуджани Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи, мәдени және әдеби байланысты нығайтудың маңыздылығын атап айтты.
Оның айтуынша, осындай бірлескен жобалар екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, ғылыми және мәдени қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол болашақта да ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру қажеттігін, бұл іс екі халықтың өзара түсіністігін арттыруға ықпал ететінін ерекше атады.
Сонымен қатар, таныстырылымда Иран Сыртқы істер министрлігі баспасының директоры Хабиболла Малакутифар, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің PhD докторы Хосейн Хошбатени, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Б.Кәрібаев, ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Т.Қыдыр, Арабтану орталығының директоры Б.Жұбатова, сондай-ақ жобаның жүзеге асырылуына атсалысқан ғалымдар – Иран-Тұран ғылыми-зерттеу орталығының директоры И.Жеменей мен «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры З.Шадкам баяндама жасады.
Осындай жобалар негізінде Қазақстан мен Иран ғылымында жаңа зерттеу бағыттары дамып, екі ел зерттеушілері арасында тікелей байланыс орнап, ғылыми ақпарат алмасу кеңейеді және бірлескен еңбектер жарияланып, жаңа жобаларға жол ашылады деген үміттеміз.
















