Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Михаил Ульянов сенбі күнгі ядролық бағдарлама бойынша Иран мен АҚШ келіссөздерінің нәтижелерін үміттендірерлік деп бағалады.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ресейдің тұрақты өкілі Михаил Ульянов бұл туралы өзінің Telegram арнасында жазды.
Михаил Ульянов: “Омандағы кездесудің қорытындысы бойынша ирандықтар да, америкалықтар да келіссөздерді оң және сындарлы деп сипаттады. Бұл үміттендіреді”,- деді.
Сенбі күнгі келіссөздер Трамп талап еткендей тікелей форматта емес, Иран қалағандай Оманның арағайындығымен жанама түрде өтті.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бақайидың айтуынша, тараптар келіссөз барысында бір бөлмеде отырмаған. Делегаттар арнайы жеке бөлмелерде отырып, Оман Сыртқы істер министрі арқылы хабар алмасқан.
Айта кетейік, 12 сәуірде Оманда Тегеран мен Вашингтон өкілдері Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз өткізді. Келіссөздерге Иран атынан Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи, ал АҚШ атынан Трамптың Таяу Шығыс ісі бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф жетекшілік етті.
Иран Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, кездесу сындарлы әрі тыныш жағдайда өтті. Тараптар кездесу барысында келіссөздерді жалғастыруға келісті. Келіссөздердің екінші кезеңі 19 сәуірде Оманда өтеді.



















