Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи осы аптаның соңында Мәскеуге ресми сапармен барады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Аббас Арақчи Мәскеуге сапары барысында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен және басқа да бірқатар ресейлік шенеунікпен кездесіп, келіссөз жүргізеді.
Арақчи сапар барысында өткен сенбі күні Оман астанасы Масқатта өткен Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздерді де талқылайды.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи бұл туралы апта сайынғы баспасөз мәслихатында айтты.
Бақайидың айтуы бойынша, Иран СІМ басшысының Мәскеуге сапары бұрын жоспарланған болатын.
Иран СІМ баспасөз хатшысы: “Арақчи аптаның соңында Мәскеуге сапармен барады. Бұл алдын ала жоспарланған сапар. Алайда, осы мүмкіндікті пайдаланып, бұл сапарда Масқаттағы Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерге қатысты соңғы оқиғалар да талқыланады”, — деді.
Айта кетейік, 12 сәуірде Оманда Тегеран мен Вашингтон өкілдері Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз өткізді. Арақчидің айтуынша, Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі 19 сәуір, сенбі күні өтеді.


















