Иран мен АҚШ-тың жетекші келісімгерлері Иранның ядролық бағдарламасы мен санкцияларды жоюға арналған жанама келіссөздердің үшінші кезеңін аяқтады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран делегациясын осы елдің Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи, америкалық тарапты АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стивен Уиткофф басқарды.
Жоғары деңгейдегі техникалық келіссөздер Оманның арағайындығымен Римдегі келіссөздердің екінші кезеңінен бір апта өткеннен кейін, сенбі күні өтті.
Сараптамалық деңгейдегі келіссөзге Иран Сыртқы істер министрінің саясат істері жөніндегі орынбасары Маджид Тахт-Раванчи, СІМ құқықтық және халықаралық істер жөніндегі орынбасары Казем Ғарибабади және АҚШ Мемлекеттік департаментінің саясатты жоспарлау жөніндегі директоры Майкл Антон қатысты.
Иран СІМ басшысы Аббас Арақчи келіссөздерден кейін тілшілер алдында сөйлеген сөзінде келіссөздердің барысы мен қарқынына қанағаттанатынын айтып, келіспеушіліктерді одан әрі зерттеу қажет екенін мәлімдеді.
Арақчи Оман Үкіметі мен Сыртқы істер министріне келіссөздерді жүргізудегі күш-жігері үшін алғыс білдіріп: “Келіссөздердің бұл кезеңі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күрделі болды. Біз біртіндеп техникалық талқылауларға көштік. Екі жақтың да келіссөздерге байыппен қарайтыны белгілі болды. Бұл келіссөздерде ілгерілеуге үміт беретін кеңістік тудырады”, -деді.
Айта кетейік, Иран мен АҚШ Оманның арағайындығымен 12 сәуір күні жанама келіссөздерді бастады. Келіссөздердің екінші кезеңі сенбі, 19 сәуірде Италия астанасы Римде, үшінші кезеңі 26 сәуір, сенбі күні Оманда өтті.


















