Тегеран Бостандық флотилия коалициясының Газа секторына бет алған кемесіне жасалған шабуылды айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бақайи мәлімдеді.
Газа секторына бет алған гуманитарлық көмек тиелген кемеге жұма күні таңертең Мальта жағалауында дронмен шабуыл жасалды.
Исмаил Бақайи Израильдің палестиналықтарға қарсы геноцид саясатын жалғастырып жатқанын айтып: “Қоршауда қалған Газа секторының жазықсыз халқын азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін секторға бет алған “Веждан” кемесіне жасалған шабуыл Палестина халқына қарсы айқын қылмыс және кеме қатынасының қауіпсіздігіне қарсы жасалған лаңкестік әрекет болып табылады”, — деді.
Иран СІМ өкілі АҚШ пен Израильді жақтаушы басқа да елдерді бұл қылмыстың сыбайласы деп атады.
Исмаил Бақайи халықаралық қауымдастық пен ислам елдерін Израильдің әрекетін қатаң айыптап, осы елдің ресми тұлғаларын жауапқа тарту және жазалау үшін қажет шара қабылдауға шақырды.
Айта кетейік, Газа секторына гуманитарлық көмек тиеген The Freedom Flotilla Coalition ұйымының кемесі Мальта жағалауында ұшқышсыз ұшақтардың шабуылына ұшырады. Шабуыл жұма күні түнде жергілікті уақыт бойынша сағат 00:23-те жасалған.
Ұйымның мәліметінше, кеменің алдыңғы бөлігіне шабуыл жасалып, салдарынан өрт шыққан. Коалиция бұл шабуыл үшін Израильді айыптады.



















