Астанада Astana International Forum аясында “Италия – Қазақстан” іскерлік форумы өтті.
Еуразия Тудейдің ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, іс-шара барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, іскерлік байланысты нығайту, логистика мен өнеркәсіптік кооперация, жоғары технологиялар мен “жасыл” энергетикаға қатысты бірлескен жобаларды іске қосу мәселелері талқыланды.
Форум аясында жалпы сомасы 180 миллион еуроны құрайтын 10 меморандумға қол қойылды.
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, форум Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық қатынастың жаңа кезеңінің басталуын білдіреді.
Арман Шаққалиев форумның сауда-экономикалық әріптестікті нығайтудың негізгі алаңы мен жаһандық өзгерістер жағдайындағы стратегиялық диалогқа ұмтылыстың символына айналғанын баса айтты.
Форумда Қазақстан тарапынан ұсынылған негізгі бастамалардың бірі “Made in Kazakhstan with Italy” бірлескен бренд құру идеясы болды. Бұл бренд технологиялық кооперацияның және жоғары бәсекеге қабілетті өнімді бірлесіп өңдеу мен экспорттауға көшу үрдісінің символына айнала алады.
“Италия – Қазақстан” іскерлік форумы кеше, 28 мамыр күні ҚР Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстан-Италия сауда қауымдастығы және екі ел Елшіліктерінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
Айта кетейік, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони ертең, 30 мамыр күні Қазақстанға ресми сапармен келеді.



















