Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы құрамын бекітті.
Еуразия Тудейдің Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы құрамына 126 адам енді. Олар кеңестің құрамында 4 жыл қызмет ететін болады.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы қатарында қоғамдық бірлестіктердің, этномәдени ұйымдардың, өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ белгілі кәсіпкерлер, ғалымдар және қоғам қайраткерлері бар.
Кеңес құрамы тең пропорцияда жасақталған, яғни 42 адам этномәдени бірлестіктерден, 42 адам қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан, ал тағы 42 адам Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен сайланды.
Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы 2026 жылғы 23–24 қыркүйекте Астана қаласында өтеді. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, 22 қыркүйек күні қол қойды.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясын шақыру туралы өкімге де қол қойды. Өкім мәтінінде: «Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы 2026 жылғы 23–24 қыркүйекте Астана қаласында шақырылсын. Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы бірінші сессияны өткізуді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдасын», – деп жазылған.
Қазақстан Халық Кеңесі – ел халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Бұл – ел тарихында алғаш рет әр саланың өкілдерін бір арнаға тоғыстырып отырған платформа. Кеңестің негізгі міндеттері – қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық бірлікті күшейту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Сондай-ақ, Кеңес Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы.



















