Иран мен АҚШ арасындағы Оманның арағайындығымен жүргізілген келіссөздер тығырыққа тірелмеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Маджид Тахт-Раванчи мәлімдеді.
Маджид Тахт-Раванчи ИРНА агенттігіне берген сұхбатында: “Мен келіссөздер тығырыққа тірелді деп айта алмас едім. Халықаралық келіссөздерде әрқашан нәтижелер мен сәтсіздіктер болады. Нәтижеге қол жеткізу үшін шыдамдылық пен төзімділік қажет. Бірнеше айға созылатын келіссөздер бойынша асығыс қорытынды жасау орынсыз”,- деді.
Оның айтуынша, жанама келіссөздердің алтыншы кезеңінің 15 маусым күні Маскат қаласында өтеді деп жоспарлануы келіссөздер үдерісінің жалғасуын көрсетеді.
Иран Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары келіссөздер барысында Америка тарапының Иран аумағында уранды нөлдік байыту ұстанымы баса назарға алынатынын, бұл Тегеран үшін қабылданбайтын “қызыл сызық” екенін баса айтты.
Тахт-Раванчи сөзінің жалғасында Иранның АҚШ-тың жазбаша ұсыныстарына жауап дайындап жатқанын және жауап Оман Сыртқы істер министрі арқылы берілетінін айтып: “Жауап әлі аяқталған жоқ. Біз оны жақын күндері қорытындылаймыз деп үміттенеміз”, -деді.
Сондай-ақ, Иран Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары АҚШ өкілі Стив Уиткоффтың ұстанымына түсініктеме беріп: “Ол алдымен уранды 3,67 пайызға дейін байытуға рұқсат етілгенін айтты. Алайда кейін сұхбатында Иранға уранды байыту мүлдем қажет емес екенін айтты. Мұндай қарама-қайшы мәлімдемелер келіссөз жүргізуде кері әсер етітін фактор болып табылады.
Біз келіссөздердің алтыншы кезеңінде АҚШ тарапының жазбаша ұсыныстарына алғаш рет ресми түрде түсініктеме береміз. Егер “уранды нөлдік байыту” мәселесі қайта көтерілсе, біздің ұстанымымыз өзгеріссіз қалады”,- деді.
















