Иранның Қорғаныс министрі Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің қорғаныс министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Қытайға барды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Қорғаныс министрі Азиз Насирзаде кеше, сәрсенбі күні таңертең Қытайдың Циндао қаласына келді.
Екі күнге созылатын жоғары деңгейдегі саммитке ҚХР Қорғаныс министрі Дун Цзюнь төрағалық етеді.
Қытай Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, министр Дун Цзюнь саммит аясында ШЫҰ-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлерімен, атап айтқанда Иран Қорғаныс министрі Азиз Насирзаде, Беларусь Қорғаныс министрі Виктор Хренин, Пәкістан Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф, Қырғызстан Қорғаныс министрі Руслан Мукамбетов және Ресей Қорғаныс министрі Андрей Белоусовпен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Иран Қорғаныс министрі Қытайға сапарында осы елдің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесіп, екіжақты қарым-қатынас пен аймақтағы оқиғаларды талқылайды.
ШЫҰ саммиті аймақтық қауіпсіздік мәселелерін, лаңкестікке қарсы күрестегі ынтымақтастықты және ұйымға мүше елдер арасындағы әскери өзара іс-қимылды талқылаудың негізгі алаңы болып табылады.



















