Израиль Ислам Республикасына жалғыз қарсы тұра алмағандықтан, Иранға жасаған 12 күндік агрессиясында АҚШ-ның көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи кеше, сәрсенбі күні Иран Сот жүйесінің жоғары лауазымды өкілдерімен кездесуінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Аятолла Хаменеи Иран 12 күндік соғыста өзінің әскери және стратегиялық қуатын ғана емес, сонымен қатар Иран халқының да табандылығын, ұлттық бірлігін көрсеткенін баса айтты.
Ислам революциясының жетекшісі: “Халықтың 12 күндік соғыс кезіндегі жетістігі оның табандылығы, ерік-жігері және өзіне деген ұлттық сенімділігі болды. Өйткені, АҚШ және оның сионистік режим сияқты шынжырланған итіне қарсы тұруға дайын болудың өзі өте құнды”,- деді.
Аятолла Хаменеи Иранның Пехлеви режимі кезіндегі бағынышты мемлекеттен тәуелсіз және сенімді елге айналғанын еске салып: “Сол кездері жабық отырыстарда да Американы сынауға батылы жетпеген Иран бүгінде АҚШ-нан қорықпай, керісінше, олардың жүректеріне қорқыныш ұялататын деңгейге жетті. Бұл қайсарлық пен ұлттық ерік Иранның еңсесін биіктетіп, ұлы мақсаттарға жетелейді”,- деді.
Аятолла Хаменеи Иранның ешқашан соғысты құптамайтынын, дегенмен жау шабуыл жасаған жағдайда жауап қатаң әрі міндетті түрде берілетінін баса айтты.

















