БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанды бейбітшілік пен диалогтың символы деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Гутерриш бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөзде мәлімдеді.
Антониу Гутерриш Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
Бас хатшы:
“Қазақстан – бейбітшілік пен диалогтың символы, халықтар арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер екенін көрсетіп келеді. Бұған осыдан ондаған жыл бұрын ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешім негіз қалады. Бұл шын мәнінде бүкіл әлем үшін өнегелі іс болды. Өркениеттердің қақтығысы туралы сөз қозғалғанда, Қазақстан өз тәжірибесі арқылы түрлі дін және мәдениет өкілдері арасында диалог пен ынтымақтастық орнату мүмкін екенін дәлелдеді. Бұл сіздің бастамаларыңыздан анық байқалады. Сіздер әрдайым әлемді ауызбіршілік пен бауырластыққа үндеп келесіздер”, – деді.
Кездесуде БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы қызметінің перспективасы, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі, халықаралық және өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар талқыланды.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 3 тамыз күні Қазақстан Республикасына сапармен келді.












