Мемлекет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы Қазақстан мәдениет орталығының ашылу рәсіміне қатысты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды.
Мемлекет басшысы орталықтың пайдалануға берілуін қос халықтың рухани өміріндегі өте маңызды күн деп бағалады.
Мұны, шын мәнінде, тарихи оқиға деуге болады. Бұл – қазақтың қытай халқына деген риясыз көңілі. Сондай-ақ қытай жұртының қазаққа білдірген достық пейілі. Ең алдымен, осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін аса қадірлі Төраға Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтамын. Қытай елінің Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели мырзаға, сондай-ақ осы іске атсалысқан барша қытай және қазақ азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы салтанатты жиынға менің қытайлық ескі достарым, дипломаттар, кезінде маған сабақ берген ұстазым Лю Шицинь мырза және зиялы қауым қатысып отыр. Баршаңызға ыстық ықыласымды білдіремін. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз берік болса, достығымыз да нығая түседі. Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.













