Испания Израильдің Газаға бет алған “Глобал Сумуд” флотилиясына қарсы кез келген әрекетіне жауап беретінін мәлім етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Испания Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес айтты.
Хосе Мануэль Альбарес Газа секторына гуманитарлық миссиямен бағыт алған “Глобал Сумуд” флотилиясына қарсы кез келген заңсыз әрекетке Испания тарапынан тиісті дипломатиялық жауап берілетінін мәлімдеді.
Испания Сыртқы істер министрі Барселонада басталған бұл бастаманың бейбіт және гуманитарлық көзқарасына тоқталып: “Мадрид еркін қозғалысты, сөз бостандығы мен халықаралық құқықты бұзатын кез келген әрекетке жауап береді. Испания халықаралық құқықты, адам құқықтары мен бейбіт бастамаларды қорғауға міндетті. Біз бұл гуманитарлық миссияға қатысып жатқан азаматтарымызға дипломатиялық және консулдық қолдау көрсетеміз”, — деді.
Сонымен қатар, министр Тунистің аумақтық суларында флотилия кемелеріне дрон арқылы жасалған шабуылдың мән-жайын анықтау үшін Тунистегі Испания елшісіне тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырғанын айтты.
Мұның алдында Испания және 16 ел бірлесіп мәлімдеме жасап, флотилия қатысушыларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, Израильді оларға қарсы кез келген заңсыз немесе зорлық-зомбылық әрекеттерінен бас тартуға шақырды. Құжатта халықаралық суларда кемелерге шабуыл жасау немесе заңсыз ұстау халықаралық құқықты бұзу саналатыны айтылған.



















