Ауғанстанда интернет шамамен 48 сағат өшіп тұрғаннан кейін бүгін қайтадан қосылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Талибан қозғалысы басқарып отырған елде интернет дүйсенбі күні кешке уақытша өшіріліп, бүгін 48 сағаттан, яғни екі тәулік өткен соң қайта қосылды.
Дереккөздерінің мәліметіне сәйкес, интернет DSL және «нүктеден нүкте» түрінде қосылды. Қазір бұл қызметтерді «Salam» және «Roshan» операторлары ұсынып отыр.
Ауғанстанның бірнеше провинциясының жергілікті дереккөздері интернет қызметі мен телекоммуникация арналары шамамен 48 сағаттан кейін қайта қосылғанын хабарлады.
Айта кетейік, Талибан үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Муджахид X парақшасындағы жазбасында Ауғанстанда интернет техникалық мәселелерді шешу және талшықты-оптикалық желінің инфрақұрылымын жақсарту үшін өшірілгенін мәлімдеп, елде интернетті бұғаттау туралы тараған ақпаратты шындыққа жанаспайды деп атады.












