Ресейлік ғалым Лана Раванди-Фадаи Иран мен Ресей арасындағы келісім аймақтағы күш теңгерімін өзгерте алады деп есептейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран мен Таяу Шығыс бойынша жетекші сарапшы Лана Раванди-Фадаи Tehran Times басылымына берген сұхбатында айтты.
Тілші: Тегеран мен Мәскеу арасындағы келісім Иранның БРИКС және Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді көпжақты ұйымдардағы позициясына қалай әсер етуі мүмкін?
Раванди-Фадаи: Мен бұл келісімді Иранның экономикалық оқшауланудан шығуына бағытталған шынайы құрал деп санаймын. Иран бұл бағыттағы қадамды Махмуд Ахмадинежадтың президенттігі кезінде бастаған болатын. Сол кезде Иран Ресей басым рөл атқаратын саяси альянстарға, яғни Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен БРИКС-ке бет бұра бастады.
Иран бұл екі ұйымға марқұм Президент Ибраһим Раисидің тұсында қосылды. Ол Иран мен Ресей арасындағы байланысты халықаралық деңгейде нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізді. Бұл бағытты елдің діни жетекшісі Әли Хаменеи толығымен қолдады.
Раисидің тұсында бұл үдеріс айтарлықтай жеделдеп, қазіргі Президент Масуд Пезешкианның басқаруымен жалғасып жатыр. Пезешкиан Батыс әлі де өз саясатын өзгерткісі келмейтінін және Иранға ешқандай жеңілдік жасауға дайын еместігін ашық мойындады.
Сондықтан Пезешкиан Ресеймен, Қытаймен және БРИКС ұйымымен ынтымақтастықты тереңдетуді таңдады.
Президент Пезешкиан жуырда БРИКС Иранға әлемдік аренада өз ұстанымын нық көрсетуге және жаһандық істерге белсенді араласуға көмектесе алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол бұл ұйым Израиль мен Ұлыбритания секілді елдердің тәуелсіз мемлекеттерге басқыншылық жасаудағы әрекеттерінің алдын алуда маңызды рөл атқаруы тиіс екенін атап айтты.
Иран Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне де қатысты. Саммитте Президент ұйымның көпполярлы әлем құруға ықпал ете алатынын қуаттады.
Тілші: Бұл келісім санкциялар мен халықаралық қысым жағдайында Иранның Батыс елдеріне ықпалын қалай өзгертуі мүмкін?
Раванди-Фадаи: Иран да, Ресей де Батыстың қатаң санкцияларына ұшырап отыр. Бірақ Иранға қарсы салынған санкциялар көп. Сондықтан бұл келісім Тегеранға Батыс державалары алдында өз ұстанымын нық қорғауға, Батыстың екіжүзді саясатына қарсы аргументтер келтіруге мүмкіндік береді.
Егер тараптар санкцияларға қарсы өзара қолдау жүйесін сәтті құрса, бұл Ресей мен Иранның халықаралық беделін едәуір нығайтады.
Тілші: Иран мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім Еуразиядағы күш балансын қалай өзгертеді?
Раванди-Фадаи: Менің ойымша, бұл келісім Еуразиядағы күш балансын Ресей мен Иранның пайдасына өзгертеді. Батыс елдерінің, сондай-ақ Израильдің ықпалы біртіндеп әлсірейді.
Тілші: Бұл келісім аймақтағы басқа елдерді ұқсас стратегиялық әріптестікке итермелеуі мүмкін бе?
Раванди-Фадаи: Иә. Аймақ елдері Иран мен Ресей арасындағы әріптестіктің жылдам әрі тиімді дамуына назар аударды. Бұл өзара ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылықты арттырды.
Мысалы, жуырда Сауд Арабиясы мен Пәкістан арасында өзара қорғаныс туралы келісім жасалды. Бұл маңызды оқиға. Эр-Рияд Пәкістанның көмегімен ядролық бағдарламасын дамытуды көздеп отыр.
Тілші: Энергетика саласында бұл келісім қандай рөл атқарады?
Раванди-Фадаи: Энергетика – екі елдің де экономикасы үшін аса маңызды сала. Бұл келісім екі елдің мұнай-газ, сондай-ақ баламалы энергетика саласындағы ынтымақтастығын тереңдетуге белсенді түрде ықпал етеді деп ойлаймын. “Газпром” қазірдің өзінде Иранның мұнай-газ саласындағы бірқатар жобаны, соның ішінде кен орындарын игеруді қаржыландыруға қызығушылық танытты.
Егер екі ел де әлемдік энергетикалық нарықтағы саясатын үйлестірсе, мұнайдың, әсіресе газдың әлемдік бағасына тиімді бағытта айтарлықтай әсер ете алады.
















