Өзбекстанның Ирандағы елшісі Фаридуддин Насриев Иранның Мазендеран провинциясы губернаторымен кездесуінде екі ел арасындағы байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы елші Фаридуддин Насриев Сари қаласына жасаған сапары барысында айтты. Елші сапар барысында Мазендеран губернаторы Меһди Юнесимен, провинцияның өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы салаларын біріктіретін Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Әли Тағипурмен, кәсіпкерлер мен іскер белсенділерімен кездесті.
Губернатормен өткен кездесуде Өзбекстан мен Иран арасындағы қарқынды дамып келе жатқан сауда, экономика, инвестиция, туризм және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған бастамалар көтерілді.
Сапар аясында Мазендеран бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен B2B форматындағы бизнес-форум ұйымдастырылып, 30-дан астам сауда қызметкері мен қоғамдық белсенділерден тұратын делегациямен келіссөз өтті.
Айта кетейік, 11 қараша күні Иран мен Өзбекстан арасында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кешенді құжат дайындалды.
Құжатқа жақын арада екі елдің ресми өкілдері қол қояды деп күтілуде.
Жуырдағы Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабактың Ташкентке жасаған үш күндік сапары Өзбекстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынастың стратегиялық дамуы жолындағы маңызды қадам болды. Бұл сапар тараптарға жақын арада ресімделіп, екі мемлекеттің ресми тұлғалары қол қоятын негізгі келісімдерге жол ашты.
















