ХАМАС Палестина мемлекетін құру жөнінде келіссөз жүргізу үшін Израильмен 5–10 жылдық ұзақ мерзімді бітімге дайын екенін мәлім етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Газа секторындағы ХАМАС қозғалысының саяси бюро мүшесі Басем Наим Ассошиэйтед Пресс агенттігіне берген сұхбатында айтты. Басем Наим ХАМАС қозғалысының қарсылық көрсету құқығын сақтап қалатынын, алайда Палестина мемлекетін құруға бағытталған үдеріс аясында қару тапсыруға дайын екенін мәлімдеді.
ХАМАС қозғалысының өкілі мұның қалай жүзеге асуы мүмкін екені туралы нақты ашып айтпағанымен, келіссөз жүргізу үшін бес немесе он жылдық ұзақ мерзімді бітім жасауды ұсынды.
Израиль мен Газа секторындағы ХАМАС қозғалысы арасындағы атысты тоқтату туралы келісім 10 қазанда күшіне енді.
Осы уақытқа дейін Газа секторындағы палестиналық радикалдар 20 тірі тұтқын мен қаза тапқан 28 тұтқынның мүрдесін ұстап отырды.
Келісім күшіне енгеннен кейін палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге 2023 жылғы 7 қазаннан бері Газада ұсталып келген 20 тұтқынды босатты. Осылайша тірі қалған израильдік барлық тұтқын азат етілді.
Израиль бұған жауап ретінде 2 мыңға жуық палестиналық тұтқынды, соның ішінде өмір бойына бас бостандығынан айырылған палестиналық тұтқындарды түрмеден босатты. Қазіргі уақытта ХАМАС тұтқында қаза тапқан израильдік азаматтардың мәйіттерін қайтаруда. Бұған дейін палестиналық тарап Израильге 27 тұтқынның денесін қайтарды.



















