Ташкент қаласында екі елдің қатысуымен Өзбекстан–Иран бизнес-форумы мен B2B кездесулері өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ташкент қаласында Иранның Мазандаран провинциясының губернаторы Меһди Юнуси Рустами бастаған делегацияның сапары аясында Өзбекстан–Иран бизнес-форумы және B2B кездесулері ұйымдастырылды.
Іс-шараға Иранның 70-тен астам жетекші компаниясы, 100-ден астам жергілікті кәсіпкерлер, сондай-ақ екі елдің министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысып, әртүрлі саладағы озық бастамалары мен ұсыныстарын таныстырды.
Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының кеңесшісі Алишер Шайхов, Мазандаран губернаторы Меһди Юнуси Рустами, Иранның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммад Әли Искандери және Иранның Сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасы басқарма мүшесі Абдулла Мохожир форумның салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйледі.
Форумға қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және технологиялық кооперацияны дамыту мәселелерін талқылады.
Форум аясында екі ел компаниялары арасында B2B кездесулері өтті.
Келіссөздер нәтижесінде бірқатар перспективалы жобалар бойынша келісімдерге қол жеткізіліп, бірлескен бизнес пен инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.
















