Иранның Еуразиялық экономикалық одақпен ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастығы қуатты аймақтың негізін қалайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкианның Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына жолданған хатында мәлімдеді.
Пезешкианның жолдаған хатын кеше, жексенбі күні Санкт-Петербургте өткен ЕАЭО саммитінде Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалали оқыды. Саммитке одаққа мүше бес елдің — Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан президенттері мен Армения премьер-министрі қатысты.
Пезешкиан саммитті ұйымдастырғаны үшін Ресейге алғыс айтып, қатысушы елдердің президенттерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Иран Президенті Иранның ЕАЭО-ға мүше елдермен ынтымақтастығы ұлттық егемендікті нығайту, көлік пен сауданы дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті арттыру, технологияларды дамыту, бірлескен қаржы және банк инфрақұрылымын құру, сондай-ақ, халықтар арасындағы байланысты кеңейту арқылы қуатты өңір қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия екенін қуаттады.
Пезешкиан ортақ мәдени және тарихи байланыс, сондай-ақ, географиялық жақындық табысты өңірлік интеграция моделін құруға берік негіз болатынын баса айтты.
Масуд Пезешкиан Еуразиялық экономикалық одақтың Иранның сыртқы саясаты мен экономикалық дипломатиясындағы ерекше орын алатынын айтып, Иран мен ЕАЭО арасындағы Еркін сауда туралы келісімді жүзеге асыру және Иранның бақылаушы мәртебесін алуы одақпен ықпалды ынтымақтастықтың басталғанын білдіретінін айтты. Ол Еркін сауда туралы келісімді ең маңызды жетістік деп атап, оны өзара экономикалық қатынасты тереңдету жолындағы маңызды қадам ретінде бағалады.
Пезешкианның айтуынша, келісім экономикада бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашып, екіжақты сауда көлемін арттырды. Президент Иран мен ЕАЭО-на мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы қазіргі деңгейден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін қуаттап, сауда көлемінің айтарлықтай ұлғаятынына сенім білдірді.
Президент Пезешкиан сөзінің соңында ЕАЭО-ға қатысушы елдердің үкіметтері мен халықтарына өркендеу, денсаулық және табыс тіледі.
Ол 2025 жылы одаққа төрағалық ететін Беларусьтің рөлін жоғары бағалап, 2026 жылы Қазақстанның төрағалықты табысты атқаратынына сенім білдірді.



















