Ресей мен Қытай өкілдері АҚШ бастаған Батыс елдерінің Иранға қарсы snapback тетігін іске қосуға бағытталған әрекеттеріне қарсылық білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ресей мен Қытай өкілдері Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында 2231 қарарының ресми мерзімі аяқталғанына қарамастан АҚШ бастаған Батыс елдерінің Иранға қарсы snapback тетігін іске қосуға бағытталған әрекеттеріне қарсылық білдірді.
Ресей Федерациясының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя Батыстың мерзімі өтіп кеткен қарар арқылы санкцияны қайта жандандыруға бағытталған кез келген әрекеті заңдық тұрғыдан жарамсыз екенін атап айтты.
Оның айтуы бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі мен ұйым хатшылығының бұдан былай Иранның ядролық келісімін бұрынғы форматта қарауға мандаты жоқ.
Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасының өкілі Фу Цун мұндай қысым тетіктерін қолдануға байланысты алаңдаушылық білдірді. Ол Еуропаның үш елі тарапынан snapback механизмін іске қосу бастамасының ешқандай заңды негізі жоқ екенін айтып, қарардың қолданылу мерзімі қазан айында біржолата аяқталғанын айтты. Қытай дипломаты Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін белгіленген мерзімдерді құрметтеуге және қалыптасқан келіспеушіліктерді тереңдетуге емес, жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін саяси жағдай жасауға көмектесуге шақырды.
Мұның алдында Иран, Ресей және Қытай БҰҰ Бас хатшысының атына жолдаған бірлескен хатта санкцияларды заңсыз қайта қалпына келтіруге бағытталған кез келген әрекет халықаралық құқықтың беделіне нұқсан келтіріп, аймақтағы шиеленістің жаңа кезеңіне алып келетінін ескерткен болатын.


















