Газа секторында нөсер жаңбыр салдарынан палестиналықтардың шатырларын су басты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Израиль шабуылдарынан баспанасыз қалған палестиналықтардың шатырлары нөсер жаңбыр мен күшті жел салдарынан су астында қалды.
Сектордың ойпаң аймақтарына қоныс аударған бейбіт тұрғындар үшін уақытша паналау орны болған шатырлар нөсерлі жауын-шашын салдарынан толығымен су астында қалды. Бұл туралы метеоролог Лейс әл-Аллами Анадолу агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуы бойынша, эксклавта төмен қысымды циклон нөсер жауын мен қатты жел екпінімен қатар жүріп жатыр. Ауа райының мұндай төтенше жағдайлары уақытша баспаналарда күн көруге мәжбүр әрі өте ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан палестиналықтардың ахуалын одан әрі ушықтырып отыр.
Газа билігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шатырлар мен уақытша баспаналардағы шамамен 1,5 миллион палестиналықтың 250 мыңнан астамы қолайсыз ауа райынан зардап шегуде.
Сонымен қатар, бірнеше айға созылған Израиль шабуылдары кезінде нұқсан келген көптеген тұрғын үйлер де қатты жауын мен күшті желдің салдарынан қирап қалған.
Израиль құрылыс және қалпына келтіру материалдарының жеткізілуіне тосқауыл қойып отырғандықтан, палестиналықтар толық қирау қаупі жоғары үйлерде өмір сүруді жалғастыруға мәжбүр.
Газа секторындағы екі жылға созылған Израильдің геноцид қылмыстары салдарынан 71 мыңға жуық палестиналық қаза тауып, 171 мыңнан астамы жараланды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, секторда азаматтық инфрақұрылымның шамамен 90 пайызы қирап, жалпы материалдық шығынның құны шамамен 70 миллиард долларға есептелді.



















