Иранның діни жетекшісі Әли Хаменеи Ислам революциясы жеңісінің 47-ші жылдығы қарсаңында сөз сөйледі.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның діни жетекшісі аятолла Әли Хаменеи имам Хомейнидің хосейниесінде жиналған қалың жұртшылық алдында сөз сөйлеп, ұлттық қауіпсіздік мәселелерін, ел ішінде орын алған жуырдағы бейберекеттіктер және АҚШ-пен арадағы көпжылдық текетірестің түпкі себептері туралы мәлімдеді.
Аятолла Әли Хаменеи Вашингтон тарапынан төнетін қауіп-қатерлердің жаңалық емес екенін айтып: “Иран халқы әуе тасымалдаушы кемелерден де, қоқан-лоққылардан да қорықпайды. Біз ешқашан соғысты бастамаймыз, алайда кез келген шабуылға жойқын соққымен жауап береміз”,- деді.
Сондай-ақ, Хаменеи басқыншылық орын алған жағдайда қақтығыс жергілікті деңгеймен шектелмей, міндетті түрде ауқымды аймақтық соғысқа ұласатынын ескертті.
Иранның діни жетекшісі еліндегі соңғы толқуларды мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылыс ретінде бағалады. Оның айтуы бойынша, полицияға, мемлекеттік мекемелерге, мешіттер мен банктерге жасалған шабуылдардың мақсаты елдегі басқару жүйесін тұрақсыздандыру болған.
Әли Хаменеи бұл астыртын жоспардың сәтті түрде тойтарылғанын баса айтты.
Хаменеи Вашингтонмен көпжылдық текетіресті қарапайым формуламен түсіндіріп: “Америка Құрама Штаттары Иранды жұтып қойғысы келеді. Иран халқы мен Ислам Республикасы бұл жолдағы басты кедергі болып табылады”,- деді.
Ислам революциясының жетекшісі аятолла сейіт Әли Хаменеи Иранның мұнай, газ, минералдар сияқты орасан зор табиғи ресурстарға және стратегиялық географиялық позицияға ие екенін еске салып, АҚШ революцияға дейінгі 30 жыл бойы жүргізген бақылауын қайта орнатуға ұмтылуда екенін баса айтты.
Хаменеи: “Адам құқықтары туралы әңгімелер — бос сөз. Дұшпандықтың шынайы себебі — олардың біздің ресурстарымыз бен саясатымызға бұрынғыдай билік жүргізгісі келетіндігінде. Бірақ Иран халқы бұған жол бермейді”, -деп сөзін түйіндеді.



















