Америкалық журналист Такер Карлсон Израильді Иранмен қақтығыс туралы жаңалықтарды цензуралады деп айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Такер Карлсон Израиль үкіметі мен басқа да бірқатар ел АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысына қатысты барлық контентті жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.
Америкалық журналист өзінің сайтында жариялаған видеода: «Парсы шығанағы елдерінің үкіметтері өз елдеріне жасалған соққылардың бүкіл әлемге көрсетілгенін қаламайды. Израиль үкіметі де бұл жағдайды толық жасырып отыр. Олар өртке оранған Тель-Авив немесе Хайфаның көріністерін ешкімнің көргенін қаламайды. Осы елдердің кейбірінде мұндай материалдарды интернетте жариялағаныңыз үшін түрмеге жабылуыңыз мүмкін»,-деді.
Такер Карлсон әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қақтығыс шынайы көрсетілмейінше, келтірілген шығынның ауқымын түсіну мүмкін емес екенін айтты.
Журналист: «Америкалықтар бұл соғыстың өз отандастары үшін қандай салдары бар екенін білуге құқылы. Егер америкалықтар қаза тауып жатса, біз бұл туралы білуге құқылымыз. Бірақ іс жүзінде біз бұдан бейхабар екенімізді көрсететін белгілер бар. Не болып жатқанын түсінгіңіз келсе, ақпарат шектеулі болғандықтан толық көріністі көре алмайтыныңызды қаперде ұстаңыз», -деді.
АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иран аумағындағы нысандарға, соның ішінде Тегеранға шабуыл бастады. Иран Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери нысандарына жауап ретінде соққы беруде.

















