Иран төңірегіндегі қақтығысты реттеу үшін жүргізілетін делдалдық күш-жігерге Ресей сияқты ықпалды халықаралық ойыншының қатысуы қажет.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай пікірді Түркияның сыртқы саясат мәселелері жөніндегі сарапшысы Инандж Санджак білдірді.
Санджак: «Аймақтың негізгі ойыншыларына ықпал ете алатын ірі державалардың қатысуынсыз тұрақты дипломатиялық шешімге қол жеткізу өте қиын. Бұл жерде Ресей маңызды делдалдық рөл атқара алады», — деді.
Сарапшының айтуы бойынша, Ресейдің дипломатиялық байланыс пен күрделі халықаралық келіссөздерге қатысуда мол тәжірибесі бар.
Инандж Санджактың пайымдауынша, Мәскеу аймақтағы түрлі мемлекетпен жұмыс байланысын сақтап отыр, бұл ымыралы шешімдерді іздеуге және шиеленісті төмендетуге көмектесуі мүмкін.
Сондай-ақ, сарапшы ірі державалардың қатысуы қақтығысушы тараптар арасындағы сенімді арттыруы мүмкін екенін айтты.
Оның бағалауынша, ықпалды делдал келіссөздер процесінің тұрақтылығын қамтамасыз етңп, қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына қосымша кепілдік береді.
Сонымен қатар сарапшы Ресейдің дипломатиялық бастамаларға қатысуы келіссөздер үшін кеңірек халықаралық алаң қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін деп санайды.
Оның пікірінше, бірнеше мемлекеттің күш-жігерін үйлестіру шиеленісті бәсеңдету мен ұзақ мерзімді саяси шешім табу мүмкіндігін арттырады.
Еске салайық, АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иран аумағындағы нысандарға, соның ішінде Тегеранға шабуыл жасады. Иран жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери нысандарына қарымта шабуыл жасауда.
Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Израильдің шабуылын айыптап, шиеленісті шұғыл түрде бәсеңдетуге және әскери әрекеттерді тоқтатуға шақырды.



















