Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің әскери кеңесшісі, Ислам революциясы Сақшылар корпусының бұрынғы қолбасшысы Моһсен Резаи соғысты тоқтатудың үш шартын атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Моһсен Резаи бұл туралы IRINN телеарнасына берген көлемді сұхбатында мәлімдеді.
Резаи соғыс барлық шығын толық өтелгенше, барлық экономикалық санкция жойылғанша және АҚШ-тың Иранның ішкі істеріне араласпайтынына кепілдік берілгенше жалғаса беретінін айтты.
Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің әскери кеңесшісі: «Бұл біздің халқымыздың, көшбасшымыздың және Қарулы күштеріміздің шешімі. АҚШ Иранның экономикасына 47 жыл бойы нұқсан келтіріп, оның дамуына кедергі жасап келеді», -деді.
Оның пікірінше, Иранның қарсыластары елді бес бөлікке бөлгісі келеді.
Резаи: «АҚШ мұнай қорына бай Бушер, Хузестан және Илам провинцияларын Венесуэла сияқты иемденіп алғысы келеді», -деп баса айтты.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иранға қарсы әскери операция бастап, бірқатар қалаға әуе шабуылдарын жасады. Бұған жауап ретінде Иран Израиль аумағына зымырандар ұшырып, Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ-тың әскери базаларына шабуыл жасады. Жағдайға байланысты аймақтағы бірқатар мемлекет әуе кеңістігін уақытша жапты. Дәл сол күні шабуылдардан Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапты.
АҚШ президенті Дональд Трамп кеше, дүйсенбі, 23 наурыз күні Вашингтонның Тегеранмен Таяу Шығыстағы қақтығысты толық әрі түпкілікті реттеуге бағытталған өте жақсы және нәтижелі келіссөздер өткенін мәлімдеді. Алайда, Иран АҚШ-пен ешқандай келіссөз бен диалог болмағанын хабарлады.













