АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелеріне қарамастан қазіргі уақытқа дейін Иран мен АҚШ арасында ешқандай келіссөз жүргізілген жоқ.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Исламабадтағы елшісі Реза Амири Мұқаддам ИРНА агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Реза Амири Мұқаддам Дональд Трамптың мәлімдемесін бұқаралық ақпарат құралдарынан естігенін айтып: «Трамптың сөзіне қарамастан бүгінгі күнге дейін екі ел арасында тікелей де, жанама да келіссөз болған жоқ. Әрине, достас елдер бұл басқыншылықты тоқтату үшін әрқашан екі тараппен де кеңес жүргізеді. Алайда олардың осындай күш-жігері Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келіссөз дегенді білдірмейді», — деді.
Елшінің айтуынша, дос елдердің мұндай күш-жігері — Тегеран мен Вашингтон арасындағы қақтығысты тоқтатуы мүмкін нәтижелі диалог үшін негіз жасау әрекеті.
Мұқаддам Иранның Америка Құрама Штаттарынан айырмашылығы Тегеранның әрдайым диалогты қолдайтынын атап айтып: «Біз әрқашан мәселелерді диалог арқылы шешуге ұмтылдық. Алайда Иран Америка Құрама Штаттары мен Израильдің Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөз жалғасып жатқан кезде екінші рет жасаған шабуылдарынан кейін өз елі мен халқын басқыншылардан батыл қорғады. Әлем қарсыластың дәрменсіздігін өз көзімен көріп отыр», -деді.
Елші қақтығысты тоқтатуға бағытталған дос елдердің күш-жігеріне ризашылық білдірді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен белсенді келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Бірақ Иранның ресми тұлғалары бұл мәлімдемені жоққа шығарды.



















