Вашингтон келіссөздер туралы ұсынысымен Тегеранды алдауға тырысып, жасырын түрде құрлық шабуылын жоспарлап отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақер Қалибаф кеше, жексенбі күні АҚШ-тың соғысты тоқтатуға бағытталған жария дипломатиялық әрекеттеріне қарамастан, Иранға қарсы құрлық операциясын жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Қалибафтың ықтимал құрлық шабуылы туралы мәлімдемесі америкалық БАҚ-та Дональд Трамп әкімшілігінің Иран аумағына бірнеше аптаға созылатын әскерлерін орналастыруды қарастырып жатқаны туралы ақпарат аясында жасалды.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы: «Қарсылас ашық түрде келіссөздер мен диалог туралы сигналдар жібергенімен, жасырын түрде құрлық шабуылын жоспарлап отыр»,- деді.
Бұған дейін аймаққа шамамен 2500-ге жуық америкалық теңіз жаяу әскері жіберілгені туралы ақпарат тарап, АҚШ президенті Дональд Трамптың құрлық күштерін орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы алаңдаушылықты күшейтті.
Сонымен қатар Таяу Шығыстағы жағдайды Йемендегі хусит қозғалысы ушықтыра түсті. Хусит қозғалысы жаңа майдан ашып, сенбі күні Ливан, Ирак және Палестинадағы ираншыл және аймақтық қарсыласу күштерін қолдау мақсатында Израильдің маңызды әскери нысандарына бағытталған баллистикалық зымырандарды алғаш рет ұшырғанын мәлімдеді.
Осы арада Пәкістан үкіметі соғысты тоқтату жолдарын талқылау үшін аймақ мемлекеттерінің өкілдерін қабылдауда.
Осы талпыныстарға қарамастан, АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасауды жалғастырда. Ал Тегеран жауап ретінде Израиль мен Парсы шығанағындағы көршілес араб елдеріне шабуыл жасауда.
Қазіргі таңда соғыс қимылдары жүріп жатқан барлық бағытта, яғни, Иран, Ливан, Израиль, Ирак және Парсы шығанағы елдерінде 3 мыңнан астам адам қаза тапты.
Екінші айға созылған соғыс әлемдік мұнай мен газ жеткізіліміне қауіп төндіріп, тыңайтқыш тапшылығын тудырып, аймақтағы әуе қатынасын бұзды. Иран маңызды Ормұз бұғазын бұғаттауды жалғастыруда, ал бұл әлемдік нарықтар мен бағаға әсер етіп отыр.
Егер хуситтер тобы әлемдік сауданың 12 пайызы өтетін Қызыл теңіз маңындағы Баб-эль-Мандеб бұғазында теңіз кемелеріне шабуыл жасауды қайта бастаса, олардың соғысқа араласуы әлемдік кеме қатынасына зор зиян келтіруі мүмкін.
Иран жұма күні Біріккен Ұлттар Ұйымының өтініші бойынша 28 ақпаннан бері іс жүзінде жабық тұрған Ормұз бұғазы арқылы гуманитарлық және ауыл шаруашылығы жүктерінің өтуіне рұқсат беруге келісті.
Трамп Тегеранға бұғазды ешқандай шартсыз қайта ашу үшін 6 сәуірге дейін уақыт беріп, болмаса бұрын-соңды болмаған шабуыл жасалатынын айтып, сес көрсетті.
Айта кетейік, бұған дейін Вашингтон Тегеранға атысты тоқтату мүмкіндігіне қатысты 15 тармақтан тұратын талаптар тізімін ұсынған. Алайда Иран бұл ұсынысты қабылдамай, оның орнына бес тармақтан тұратын өз жоспарын ұсынды. Онда өтемақы төлеу және бұғаз үстіндегі егемендігін мойындау талаптары бар.
















