Америка Құрама Штаттарының Иранға жасаған шабуылы және Ормұз бұғазының жабылуы әлемді депрессия мен ашаршылыққа ұшыратуы мүмкін.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы америкалық журналист Такер Карлсон мәлімдеді.
Такер Карлсон шоуының жаңа шығарылымында: «Біз әлемді депрессия мен ашаршылыққа итермелегелі тұрмыз. Бұл үрей туғызу немесе байбалам салу емес. Бұл математика. Әлемдік тыңайтқыштардың 30 пайызы, энергия ресурстарының 20 пайызы осы аймаққа тиесілі. Иә, бұл нағыз депрессия», -деді.
Журналистің пікірінше, Ормұз бұғазы арқылы өту қиындағандықтан, тыңайтқыш тапшылығы тек Африка тұрғындарына ғана емес, Америка Құрама Штаттарының өзіне де әсер етпек.
Карлсон отандастарына: «Бұл бәрібір болатын жағдай», -деп ескертті.
Америка Құрама Штаттары мен Израильдің Иран Ислам Республикасына қарсы әскери операциясы 28 ақпаннан бері жалғасып келеді. Осы уақыт бойы тараптар бір-біріне шабуыл жасауда.
Вашингтон Иранның әскери әлеуетін жоюмен қорқытып, азаматтарды билікті құлатуға шақырды. Ал Иран қорғануға дайын екенін айтып, келіссөздерді қайта бастауға негіз көрмейтінін мәлімдеді.
Қақтығыс салдарынан Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасы іс жүзінде тоқтады.
Ормұз бұғазы Парсы шығанағы елдерінен әлемдік нарыққа мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілетін негізгі бағыт болып табылады.















