АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы ақпан айынан бергі соғыс салдарынан 310 оқушы мен мұғалім қаза тауып, 750-ден астам мектеп зақымданды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Білім министрі Әлиреза Каземи мәлімдеді.
Каземи білім беру жүйесіне келтірілген инфрақұрылымдық шығындарға тоқталып: «Жалпы саны 900 білім беру және әкімшілік мекеме, оның ішінде 750 мектеп, сондай-ақ лагерьлер мен спорт нысандарына нұқсан келді немесе қирады», -деді.
Министр Каземидің айтуы бойынша,негізгі шабуылдар Хормозган, Орталық, Тегеран және Шығыс Әзербайжан провинцияларына жасалған.
Иранның Білім министрі: «Иран Сыртқы істер министрлігі ирандық студенттердің құқықтарын қорғау үшін бірқатар халықаралық ұйымдармен, соның ішінде ЮНЕСКО және ЮНИСЕФ-пен байланысқа шықты», -деді.
Оның айтуынша, қарсы тарап Иранның азаматтық инфрақұрылымы мен энергетикалық нысандарына әдейі шабуыл жасаған. Соғыстың алғашқы күні жүздеген бейбіт тұрғын қаза тауып, олардың ішінде Минаб қаласындағы бастауыш мектепте шамамен 170 оқушы қаза тапты.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иранға қарсы соғыс бастады. Шабуыл кезінде Ислам революциясының Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары лауазымды әскерилер мен тұлғалар қаза тапты.
Иран Қарулы күштері бұған жауап ретінде «Шынайы уәде — 4» операциясын бастап, жүздеген баллистикалық және гипердыбыстық зымырандар мен дрондарын Израиль мен аймақтағы АҚШ нысандарына бағыттады.
















