Пәкістанның араағайындығымен Америка Құрама Штаттары мен Иран екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Иранға берілген ультиматум мерзімі аяқталуға бірнеше сағат қалғанда Вашингтонның Иранмен екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдеді.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде бұл бітімге Пәкістан билігінің өтініші бойынша және Тегеранның Ормұз бұғазын толық ашу шартымен келіскенін жазды.
Трамптың айтуы бойынша, Америка Құрама Штаттары Иран тарапынан алған он талап болашақ бейбіт келісімнің негізі болуы мүмкін.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Иранның Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесі де атысты тоқтату келісімін растағанын мәлімдеді. Кеңес Иран әлі де сақтық танытып отырғанын және Америка Құрама Штаттары тарапынан басқыншылық болса, дереу жауап беруге дайын екенін ескертті.
Иран сондай-ақ, Америка Құрама Штаттарының 10 талаппен келіскенін мәлімдеді.
Тегеран Вашингтоннан шабуыл жасамау туралы міндеттемені, Ормұз бұғазына Иран бақылауын сақтап қалуды, уранды байытуға рұқсат беруді, барлық бастапқы санкциялар мен барлық қайталама санкцияларды жоюды, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық қарарының күшін жоюды, АҚХА Басқарма кеңесінің барлық қарарының күшін жоюды, Иранға өтемақы төлеуді, аймақтан әскери күштерін шығаруды және барлық майдандағы соғысты, соның ішінде Ливандағы Хезболла қозғалысына қарсы соғысты тоқтатуды талап етті.
Пәкістан Премьер-министрі Шаһбаз Шариф Х әлеуметтік желісінде атысты тоқтату режимі дереу күшіне енетінін жазды. Ол екі ел басшылығына алғыс айтып, келіссөз 10 сәуір күні Исламабадта өтетінін хабарлады.
Ирак Сыртқы істер министрлігі бітімді құптап, бұл қадам аймақтағы шиеленісті азайтуға септігін тигізеді деген үміт білдірді.
Бұл жаңалықтан кейін әлемдік мұнай бағасы күрт төмендеген. Brent маркалы мұнай 107-110 доллардан 93 долларға дейін арзандаса, WTI мұнайы 9 пайыздан астам құлдырап, шамамен 102 доллар болған.


















