Иранның Golrang Industrial Group компаниясы Қазақстанда май өңдеу зауыты мен құс фабрикасын салады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қазақстан мен Иран агроөнеркәсіп кешеніндегі құны 120 млн доллар болатын ірі жобаларды бастайды.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету аясында маңызды келісімдерге қол жеткізілді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен ирандық «Golrang Industrial Group» компаниясының басшысы Фазли Меһди Мохаммадкаримнің кездесуі барысында жалпы құны 120 млн АҚШ долларын құрайтын екі ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Бірінші жоба май экстракциялау зауытының құрылысы. Жобаның құны 70 млн долларды құрайды. Кәсіпорын тәулігіне 3 мың тоннаға дейін күнбағыс өңдеуге қауқарлы болады. Бұл зауыт отандық ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу деңгейін арттырып, экспорттық әлеуеті жоғары дайын өнім шығаруға бағытталған.
Екінші жоба заманауи құс фабрикасының құрылысы. Инвестиция көлемі 50 млн доллар. Кәсіпорын жұмыртқа өндірісі бағытында жұмыс істейді. Жаңа технологиялармен жарақтандырылатын нысан өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, ішкі және сыртқы нарықтарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Golrang Industrial Group» басшылығы Қазақстан нарығын стратегиялық басым бағыт ретінде қарастырып отыр. Қазіргі таңда компания мамандары зауыттарды салуға қолайлы аймақтарды анықтау мақсатында өңірлерді зерделеу жұмыстарын бастап кетті.
Кездесу соңында тараптар бірлескен өндіріс орындарын іске қосу экономикалық байланысты нығайтудың ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның аграрлық секторына инновациялық технологияларды тартудың маңызды құралы екенін баса айтты.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы АӨК саласындағы тауар айналымы 55,8 пайызға өсіп, 341 млн доллардан асты. Оның ішінде қазақстандық экспорт көлемі екі есеге ұлғайған.



















