Президент Масуд Пезешкиан Рим Папасы Лев XIV-ке Иранға қарсы бағытталған АҚШ-Израиль басқыншылығын айыптаған әділ ұстанымы үшін ризашылығын білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан Рим Папасы Лев XIV-ке жолдаған хатында мәлімдеді.
Президент: «Сізге өзімнің шынайы әрі жылы сәлемімді жолдай отырып, жуырдағы шабуылға қатысты білдірген адамгершілікке толы, парасатты әрі әділ ұстанымыңыз үшін ризашылығымды білдіремін.
Америка Құрама Штаттары мен Израиль режимінің жойқын саясаты, олардың заңсыз іс-әрекеттері тек Иранға ғана емес, жаһандық деңгейдегі құқық үстемдігіне, халықаралық құқық нормаларына, жалпы адамзаттық құндылықтарға қарсы бағытталған. Мұндай қауіпті ұстанымның салдары бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ауыр тиетіні анық», — деп жазды.
Пезешкиан Иранның қақтығысты дипломатиялық жолмен және бейбіт түрде реттеуге бұрынғыша бейілді екенін айтып, халықаралық қоғамдастықты Америка Құрама Штаттарының заңсыз талаптарына қарсы тұруға шақырды. Ол: «Иранның АҚШ әкімшілігінің заңсыз талаптарына қарсы тұруы, халықаралық құқықты және жоғары жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғау болып табылады. Сондықтан халықаралық қоғамдастық шынайы әрі әділ ұстаным танытып, Америка Құрама Штаттарының заңсыз талаптарына, олардың авантюралық әрі қауіпті саясатына қарсы тұруға тиіс»,-деді.
Айта кетейік, Рим Папасы Лев XIV АҚШ пен Израильдің Ирандағы шабуылдарын бірнеше рет ашық айыптады. Ол әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатуға шақырып, әлемдік көшбасшыларды әскери эскалацияға қарағанда диалогқа басымдық беруге үндеді. Рим Папасы орасан зор күш қолдану мен бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылдардың халықаралық гуманитарлық құқыққа және адамгершілік қағидаттарына сәйкес келмейтінін ескертті.












