Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Иранның уран байытуға толық құқығы бар екенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа мүше кез келген басқа мемлекет секілді уранды бейбіт мақсатта байытуға толық құқылы.
Бұл туралы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Экваторлық Гвинея Сыртқы істер министрі Симеон Ойоно Эсоно Ангуемен келіссөз қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сергей Лавров: «Ресей Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы соғысты тоқтату бойынша айтарлықтай ұсыныс алған жоқ және бұл келіссөздер процесіне араласуға ниетті емес. Біз келіссөзге сәттілік тілейміз.
Ресей Америка Құрама Штаттары мен Иран арасында қол жеткізілген кез келген келісімді қолдайды», -деді.
Ресей Сыртқы істер министрі сондай-ақ, Парсы шығанағы мен Иран төңірегінде қалыптасқан жағдайдың алаңдаушылық туғызып отырғанын, соның салдарынан Палестина мәселесі ысырылып қалғанын айтты.
Сонымен қатар, Лавров Бушер атом электр станциясына тоқталып: «Бушер атом электр станциясын айтатын болсақ, бұл нысан ешқашан санкцияға ұшыраған емес. Бұл станция 2015 жылғы Иранның «Ортақ қадам» жан-жақты ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімнен шығарылған. Бұл мәселе тек Ресей Федерациясы мен Иран Ислам Республикасына қатысты», — деді.
Ресей Сыртқы істер министрі жаңғырту жобасының жүзеге асырылу барысы туралы: «Бұл жоба іске асырылып жатыр, қосымша энергия блоктары салынуда», — деді.


















