Еуропалық комиссия Еуропа мен Орталық Азияны байланыстыратын Транскаспий көлік дәлізін дамыту мақсатында халықаралық қаржы институттарымен маңызды келісімге қол қойды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, 23 маусым күні Еуропалық комиссия Еуропаны Орталық Азиямен байланыстыратын сауда және энергетикалық бағыттарды қалыптастыруға арналған «Көлік саласындағы өзара байланыс күн тәртібінің платформасы» атты конференция өткізді.
Басқосуда басты назар Транскаспий көлік дәлізіне аударылды.
Украинадағы дағдарыс көптеген дәстүрлі сауда жолдарын бұзғандықтан, бұл бағыт негізгі стратегиялық балама болып табылады.
Жиынға қатысушылардың пайымдауынша, дамыған көлік желісі экономикалық бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың және ЕО мен оның серіктестері үшін жаңа мүмкіндіктер ашудың негізгі шарты болып табылады.
Осы мақсатта Еуропалық комиссия бірнеше халықаралық қаржы институтымен келісімге отырды.
Құжат аясында Қара теңіз бен Оңтүстік Кавказ аймақтарындағы көлік инфрақұрылымын дамытуға, шекаралық өткелдерді жаңғыртуға және сауданы жеңілдетуге 2 миллиард еуро инвестиция жұмылдырылмақ. Сарапшылардың пайымдауынша, ЕО-ның Транскаспий көлік дәлізін дамытуға бағытталған қадамдары бір мезгілде екі мақсатты көздейді. Біріншіден, бұл көлік, энергетика, цифрлық байланыс пен сауда салаларына инвестиция тартудың құқықтық негізін қалайды, екіншіден, белгілі бір логистикалық маршруттарға деген тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Басқосуда қабылданған жоспарға сәйкес, конференцияда көтерілген өзекті мәселелерді іске асыру шаралары алдағы уақытта жалғасын табады.
Конференцияға Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің, сондай-ақ Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Украина және Өзбекстанның Көлік министрлері мен жоғары лауазымды өкілдері, сонымен қатар халықаралық қаржы институттары қатысты. ЕО, Еуропа, Орталық Азия, Конференция
















