Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаити Окинавадағы Америка базаларының саны қысқартылатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи кеше, 23 маусым күні Окинавада өткен 1945 жылғы шайқас құрбандарын еске алу рәсімі барысында мәлімдеме жасап, Токионың Америка әскери нысандарын реттеу, шоғырландыру және олардың санын қысқарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін баса айтты.
Санаэ Такаичи: «Соғыстан кейін сексен жыл өтсе де Окинава тұрғындары АҚШ әскери базаларының тым көп шоғырлануынан әлі зардап шегіп, ауыр жүк арқалап келеді.
Біз Американың әскери нысандары мен аумақтарын реттеу, шоғырландыру және олардың санын қысқарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз. Сондай-ақ, Окинава халқымен бірлесе отырып, қайтарылған бұрынғы әскери жерлерді тиімді пайдалануға барынша ықпал ететін боламыз. Жапония соғыс зұлматының қайталануына ешқашан жол бермейді. Біз қаза болғандардың рухына тағзым ете отырып, әрбір отандасымыз бейбіт әрі бақуатты қоғамда өмір сүруі үшін қажымас қайрат көрсетуге серт береміз», — деді.
Мұның алдында Окинава губернаторы Дэнни Тамаки Бейбітшілік декларациясын жариялау барысында аймақтың әлі де Америка әскери базаларынан келетін ауыр ауыртпалықты бастан кешіріп отырғанын мәлімдеп: «Әскери базалардың тым көптігі мен одан туындайтын мәселелер салдарынан жылдар өтсе де тұрғындардың қауіпсіздігіне әлі қатер төніп келеді», — деді.
Окинава префектурасы Жапония аумағының небары 0,6 пайызын ғана алып жатқанына қарамастан, елдегі Америка әскери базалары аумағының 74 пайызы дәл осы аймақта шоғырланған.
Айта кетейік, Окинавада 1945 жылғы қанды шайқаста қаза тапқандарды еске алу рәсімі жыл сайын маусым айының 23-і күні өтеді.



















