Иран Ормұз бұғазы шетелдік державалардың әскери демонстрация жасайтын алаң еместігін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық істер жөніндегі орынбасары Казем Ғарибабади мәлімдеді.
Ғарибабади бұл су жолының қауіпсіздігі тек жағалаудағы мемлекеттерге тиесілі екенін атап айтып, Батыс елдерінің халықаралық әскери миссия құру бастамаларына жауап ретінде авантюристік әрекеттердің салдары ауыр болатынын ескертті.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып: «Ормұз бұғазы — шетелдік державалардың әскери демонстрация жасайтын орны емес. Иран жауапты ел және бұғаздағы қауіпсіздіктің кепілі ретінде осы су жолындағы кез келген әскери іс-қимылдан сақтандырады»,-деді.
Казем Ғарибабади Ормұз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағалауда орналасқан мемлекеттердің құзырында екенін баса айтып: «Дағдарысқа себеп болғандар өздерінің авантюристік әрекеттерінің салдары үшін жауап береді. Бұл маңызды ескерту»,-деді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбритания мен Франция Ормұз бұғазында кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық әскери миссия жіберуге дайын екендерін мәлімдеген болатын.
















