Қазақ тілі Euronews арнасында тұрақты хабар таратылатын 14 тілдің қатарына қосылды.
Еуразия Тудейдің Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша бүгін, шілденің 7 күні Астанада Euronews халықаралық жаңалықтар арнасының қазақ тілінде ақпарат таратуына орай ресми таныстырылым өтті.
Қазақ тілінің Euronews арнасында тұрақты хабар таратылатын 14 тілдің қатарына қосылуы – Орталық Азия халықтарының тілдері арасында алғаш рет жүзеге асқан бастама.
Таныстырылымға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид және Euronews агенттігінің Астанадағы бюро жетекшісі Боян Бркич қатысты.
«Euronews телеарнасының қазақ тіліндегі ақпарат тарата бастауы – еліміздің ақпарат кеңістігі үшін айтулы оқиға. Әлемдегі жетекші халықаралық жаңалықтар арналарының бірі алғаш рет Қазақстанның мемлекеттік тілінде халықаралық жаңалықтарды тұрақты түрде ұсынатын болады», – деді Қанат Ысқақов.
Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид қазақ тіліндегі жаңалықтардың іске қосылуы арнаның көптілді хабар тарату аясын кеңейтуге және әлемнің әр түкпіріндегі аудиторияға тәуелсіз халықаралық ақпаратқа еркін қол жеткізуіне бағытталған ұстанымының айқын көрінісі екенін айтты.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде қазақ тіліндегі жаңалықтар жұмыс күндері Euronews-тің YouTube арнасында жарияланып тұрады.
Алдағы уақытта қазақ тіліндегі жаңалықтар өзге де медиаплатформаларда, оның ішінде телеэфирде де кезең-кезеңімен көрерменге жол тартады.
Сондай-ақ, Euronews халықаралық жаңалықтарының шамамен 90 пайызы қазақ тіліне бейімделіп ұсынылады.
Еске салайық, Euronews-тің Астанадағы кеңсесі 2024 жылдың күзінде жұмысын бастады. Бүгінде ол халықаралық телеарнаның жергілікті бағдарламаларын әзірлейтін әрі әлемнің түкпір-түкпіріне таратылатын өңірлік контентті дайындайтын маңызды орталықтың қызметін атқарып келеді.
















