Италия мен Иран Сыртқы істер министрлері Антонио Таяни мен Аббас Арақчи Римдегі Ливан мен Израиль келіссөздері мен Ормұз бұғазындағы ахуалды талқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Италияның Сыртқы істер министрі Антонио Таяни мен Иран Сыртқы істер ведомствосының басшысы Аббас Арақчи телефон арқылы Римде өтіп жатқан Ливан мен Израиль келіссөздері жөнінде пікір алмасты.
Министрлер сұхбат барысында Ливандағы ахуалды жан-жақты талқылады. Таяни Италияның осы елдегі тұрақтылыққа ерекше мән беретінін атап өтіп, қазіргі уақытта Римде өтіп жатқан Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздер нақты нәтижелер береді деген үмітін білдірді.
Аббас Арақчи Иранның ұстанымын таныстырып, Тегеран ұсынуды жоспарлап отырған бірқатар дипломатиялық бастамалар туралы айтты.
Италия Сыртқы істер министрі тараптардың өз мойнына алған міндеттемелерін адал орындаудың маңызын атап айтты. Таяни әсіресе, «Хезболла» ұйымын қарусыздандыру және Ливанның барлық аумағында мемлекеттік егемендігін толық қалпына келтіру мәселесіне баса назар аударды.
Таяни Италияның диалогты дамытуға және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кез келген бастаманы саяси әрі дипломатиялық тұрғыдан қолдауды жалғастыратынын растап: «Рим өңірлік және халықаралық серіктестерімен тығыз байланыс орната отырып, өз миссиясын бұдан әрі де атқаруға дайын», – деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, тараптар Ормұз бұғазы төңірегіндегі ахуалды да талқылады. Таяни Иран мен АҚШ арасындағы диалогтың толық қайта жандануы дағдарысты саяси жолмен ұзақ мерзімді реттеуге мүмкіндік беріп, әскери шиеленістің одан әрі ушығуына жол бермейтініне сенім білдірді. Оның айтуынша, өңірдегі тұрақтылық тек Таяу Шығыспен шектелмейді, ол әлемдік экономикаға, соның ішінде көмірсутек бағасының қалыптасуына да тікелей әсер етеді.
Айта кетейік, Ливан мен Израиль Вашингтонның араағайындығымен Римде тікелей келіссөздердің жетінші кезеңін бастап, бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мәселелерін талқылап жатыр.

















