Иран Қарулы Күштері Бас штабының бастығы аймақ елдеріне АҚШ-тың басқыншы армиясына кез келген түрде көмектесу мен жағдай жасауға қатысты ескерту жасады.
Еуразия Тудей ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Әли Абдоллаһи әлеуметтік желідегі парақшасында аймақ елдеріне АҚШ-тың басқыншы армиясына көмектесуге қатысты ескерту жасап: «Парсы шығанағының оңтүстік жағалауындағы әртүрлі мәлімдемелер жариялап, АҚШ-қа өз аумақтарын Иранға қарсы пайдалануға рұқсат бермейтіндерін айтып жатқан елдер біздің назарымыздан ештеңе тыс қалмайтынын білуі тиіс», — деп жазды.
Хабарламаның жалғасында: «Аймақтық базаларда осыншама әскери ұшақтың, әсіресе жанармай құйғыш ұшақтардың орналасуы қабылдаушы елдердің хабарынсыз жүзеге асып жатыр дегенге сену қиын. АҚШ-тың басқыншы армиясына кез келген түрде көмектесу мен жағдай жасау АҚШ әскери күштерімен серіктестік деп бағаланатынын ескертеміз », — деп жазды.
Айта кетейік, Парсы шығанағының оңтүстік жағалауында АҚШ-тың ірі әскери және әуе базалары орналасқан негізгі мемлекеттер төмендегідей:
Қатар: Мұнда Таяу Шығыстағы ең ірі америкалық әуе базасы — «Әл-Удейд» орналасқан. Мұнда АҚШ Әскери-әуе күштерінің Орталық қолбасшылығы және KC-135 Stratotanker модельді жанармай құйғыш ұшақтар тұрақтайды.
Біріккен Араб Әмірліктері: Абу-Даби маңындағы «Әл-Дхафра» әуе базасында АҚШ-тың жойғыш ұшақтары, барлаушы аппараты және жанармай тасымалдаушы ұшақтары орналасқан.
Бахрейн: Мұнда АҚШ Әскери-теңіз күштерінің 5-ші флотының штаб-пәтері орналасқан.
Кувейт: «Әли әл-Салем» және «Ахмед әл-Джабер» әуе базаларында америкалық әскери ұшақтар мен логистикалық топтар орныққан.
Сауд Арабиясы: «Принц Султан» (PSAB) әуе базасында да АҚШ-тың әуе қорғаныс жүйелері мен ұшақтары орналастырылған.
Осы елдер «біз аумағымызды Иранға соққы беру үшін пайдалануға рұқсат бермейміз» деп мәлімдегенімен, олардың базаларында америкалық KC-135 және KC-46 сияқты әуеде жанармай құю ұшақтарының дайын тұруы Иран тарапының пікірінше, бұл мемлекеттердің АҚШ армиясына жасырын түрде логистикалық жағдай жасап, көмектесіп отырғанын білдіреді.
















