Иран мен Әзербайжан қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге көтеруге қажет барлық алғышартты қалыптастырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан IRIB телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Пезешкианның айтуынша, Тегеран Әзербайжанмен қатар Сауд Арабиясы, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Оман, Мысыр және Түрікменстанмен маңызды келісімдер жасасып, өзара ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеруге толық дайын.
Президент Пезешкиан: «Қазіргі уақытта қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеріп, Әзербайжан, Сауд Арабиясы, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері,Қатар, Оман, Мысыр және Түрікменстанмен маңызды келісімдер жасасуға толық жағдай жасалды», — деді.
Масуд Пезешкианның айтуы бойынша, күш көрсету саясаты ешқашан оң нәтиже бермейді. Себебі бұған қарсы тарап та дәл сондай әдіспен жауап қайтарады. Сол себепті Иран аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тек өзара диалог пен тату көршілік қатынастарға басымдық береді.
Иран Президенті АҚШ-мен қарым-қатынастағы Ормұз бұғазына қатысты туындаған шиеленіске де тоқталып: «Егер АҚШ Исламабад меморандумы аясында өзіне алған міндеттемелерін толық орындаса, біз Ормұз бұғазын кеме қатынасы үшін қайта ашуға дайынбыз. Алайда ол үшін Вашингтон теңіз блокадасын тоқтатып, санкцияларды толықтай жойып, Иранға тиесілі бұғатталған қаражатты дереу босатуы тиіс», — деді.
Сонымен қатар, Масуд Пезешкиан аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Израильдің Ливанға бағытталған шабуылдарын тоқтатуы аса маңызды екенін атап айтты.
Пезешкианның айтуынша, Оманмен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, теңіз қатынасын толық қалпына келтіру жұмыстары тек Иран белгілеген реттеу тетіктері мен қауіпсіздік талаптары аясында ғана жүзеге асырылуы тиіс.
















