Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымын Еуразиядағы жаңа сауда дәліздерін байланыстыратын маңызды платформа санайды
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымын көпполярлы әлемдік жүйенің маңызды тіректерінің бірі ретінде қарастырып, ұйымның қызметіне ерекше мән береді. Түркияның ұстанымы бойынша, ШЫҰ — Батыс ұйымдарына балама емес, өзіндік құндылықтары қалыптасқан дербес орталық.
Еуразиядағы және Орта дәліз аясындағы логистикалық бағыттарды байланыстыратын жаңа бастамалардың пайда болуына байланысты Түркия мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың маңызы артып келеді. Бұл туралы Еуразия кеңістігі және қауіпсіздік мәселелер бойынша сарапшы Халит Гюлшен АЗЕРТАДЖ агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Сарапшының пікірінше, Қытай мен Қазақстан Орта дәліздің дамуында шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар Қытайдың Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлесіп жүзеге асырып жатқан теміржол жобалары болашақта Орта дәліздің жүк ағынын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Түркиямен бірге ШЫҰ-ның диалог жөніндегі серіктесі саналатын Әзербайжан да маңызды географиялық ұстанымға ие. Сарапшының айтуынша, осы мемлекеттердің мәртебелері әртүрлі болғанымен, ШЫҰ алаңында бас қосуы ұйымның Түркия үшін маңызын одан әрі арттырады.
Халит Гюлшен ШЫҰ-на мүше елдердің тек Орта дәліз үшін ғана емес, Еуразияда жаңа сауда бағыттары мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан да стратегиялық маңызы жоғары екенін атап айтты. Оның айтуы бойынша, Қытай, Ресей, Беларусь және Қазақстан Солтүстік дәлізде маңызды рөл атқарса, Ресей, Иран және Үндістан «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің негізгі қатысушылары саналады. Ал Қытай мен Пәкістан Қытай–Пәкістан экономикалық дәлізін дамытуда жетекші орын алады.
Иран Каспий маңы елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің Парсы шығанағына шығуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, ШЫҰ жаңа сауда жолдарын қалыптастырып, оларды өзара байланыстыруға мүмкіндік беретін маңызды платформаға айналып отыр.
Сарапшының айтуынша, Еуразиядағы логистикалық бағыттардың маңызы Бішкекте өткен ШЫҰ саммитінде де ерекше атап өтілді. Саммит қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтарын дамытуға бағытталған 2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары қабылданды.
Сарапшы: «Болашақта порттарды, теміржолдарды және құрлықтағы логистикалық орталықтарды өзара байланыстыруға негізделген кешенді тәсіл қалыптасуы мүмкін. Қазіргі кезеңде ШЫҰ аясында көлік инфрақұрылымының өзара байланыстылығына бұдан да көп көңіл бөлінуі ықтимал», — деді.
Оның пікірінше, осы факторлардың барлығын ескерсек, әсіресе Орта дәліз тұрғысынан алғанда, ШЫҰ-ның Анкара үшін маңызы айқындала түседі. Себебі Түркия өзін жай ғана транзиттік мемлекет ретінде емес, жаңа сауда дәліздерін өзара байланыстыратын өңірлік орталық ретінде қалыптастыруға ұмтылып отыр.
Сарапшының айтуынша, Түркия Орта дәліздің Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен барынша үйлесімді жұмыс істегенін қалайды.
Халит Гюлшен: «Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған да Бішкектегі саммитте бұл мәселеге ерекше тоқталды. Осылайша, Түркия Орта дәлізді өңірге экономикалық әл-ауқат әкелетін, оны Еуразияның басқа логистикалық желілерімен байланыстыратын және өңірлік бейбітшілікке ықпал ететін жаңа жобаға айналдыруды көздейді», — деп сөзін қорытындылады.
Авторы: Лейла Мурадзаде












