Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан және Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен Ормұз бұғазындағы ахуалды талқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, телефон арқылы сұхбатта тараптар аймақтағы соңғы оқиғаларды, өзара қарым-қатынасты және жағдайды тұрақтандыруға бағытталған дипломатиялық қадамдар жөнінде пікір алмасты.
Тараптар басты назарды аймақтағы тұрақтылықты сақтау мен Ормұз бұғазындағы ахуалды реттеу мәселелеріне аударды.
Иран аймақтағы тұрақтылықты қалпына келтіру және бұғаздағы шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігін мәлімдеп, бұл тұрақсыздыққа Америка Құрама Штаттарының басқыншы әрекеттері себеп болып отырғанын баса айтты.
Үш ел Сыртқы істер министрлерінің келіссөздері Ормұз бұғазындағы ахуалдың қайта шиеленіскен тұсында өтіп отыр.
Айта кетейік, АҚШ күштері 5 қыркүйекте Иранның үш мұнай танкеріне соққы берді.
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының теңіз күштері бұл шабуылға жауап ретінде Ормұз бұғазында АҚШ-пен байланысты үш мұнай танкеріне соққы бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Әли Азими мәлім етті.
Азимидің айтуынша, шабуылдар кемелердің рұқсатсыз өтуі кезінде жасалған және басқа аймақтарда тағы үш кемеге шабуыл жасалған.
Қолбасшы Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазы маңындағы барлық кемелерді Вашингтонның арандатуына ермеуге әрі тиісті рұқсатсыз жүрмеуге шақырды.
Сонымен қатар, Тегеран АҚШ әскері ирандық кемелерге шабуыл жасауды жалғастырса, қатаң жаңа шабуылдар жасалатынын ескертті.
Ормұз бұғазы — әлемдегі мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы аса жоғары теңіз жолдарының бірі. Сондықтан ондағы кез келген шиеленіс халықаралық энергетикалық нарыққа және аймақтық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін.


















