АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі Джейсон Кроу Иранмен соғысқа қарсы пікір білдірген саясаткерлер қатарына қосылып, бұл қақтығысты алдын ала болжанған «батпаққа» теңеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Вашингтон мен Тель-Авив Иранға қарсы алты ай бұрын басталған әскери операцияны нысаналы әрі шектеулі науқан ретінде сипаттаған еді. Алайда кейінгі жағдай ресми мәлімдемелерден айтарлықтай алшақтап кетті.
Джейсон Кроу видеоүндеуінде бұл жағдайдың алдын ала болжанған сценарий екенін айтып, Таяу Шығыстағы кезекті соғыс пен қарсыластардың АҚШ-ты бұл батпаққа батыруға тырысатыны бастапқыда белгілі болғанын мәлімдеді.
Автордың пайымынша, бастапқыда шешуші әскери маневр ретінде ұсынылған қадам ұзаққа созылған стратегиялық тығырыққа айналып, АҚШ Конгресіндегі пікірталастарды күшейтті.
Ақ үйдің оптимистік мәлімдемелеріне қарамастан, америкалық заң шығарушылар қақтығыстың нақты салдарын ашық талқылай бастады. Әсіресе энергия бағасының өсуі мен экономикалық тұрақсыздық ішкі саяси мәселеге айналып отыр.
Бұған дейін АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі Тед Лью MS Now эфирінде әкімшіліктің «Иран күйреудің алдында тұр» деген ұстанымына күмән келтірген еді.
Лью Иранды «сәтсіз мемлекет» ретінде сипаттау қисынсыз екенін айтып, «Егер Иран сәтсіз мемлекет болса, онда ол біздің базаларымыз бен одақтастарымыздың базаларына дрондар мен зымырандарды қалай ұшырып жатыр?» деген сұрақ қойды.
Конгрессменнің айтуынша, мәселе тек сыртқы саясатпен шектелмейді. Ол соғыстың америкалық экономикаға да әсерін тигізіп жатқанын айтты. Лью елдегі бензиннің орташа бағасы 4,12 долларға жеткенін, сыртқы саяси шешімдердің экономикалық салмағын қарапайым америкалықтар көтеріп отырғанын мәлімдеді.
Лью: «Ақ үй шындықты айтпай отырғаны анық. Иранмен бұл шексіз соғыстан қалай шығамыз?» — деді.
Батыс аналитиктері қысқа әрі жойқын әскери науқан Иранның әскери инфрақұрылымын істен шығарып, елдің қарсылық көрсету қабілетін әлсіретеді деп есептеген.
Алайда Иран берілудің орнына көп деңгейлі қорғаныс стратегиясын іске қосты. Иран күштері баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып, америкалық және одақтас күштер орналасқан нысандарға соққы берді.
Тегеранның бұл әрекеті аймақтағы америкалық әскери нысандар мен логистикалық тораптардың осал тұстарын көрсетіп берді.
Сонымен қатар Иран Ормұз бұғазындағы стратегиялық позициясын пайдаланып, жаһандық энергетикалық нарықтардың әскери қақтығыстарға қаншалықты тәуелді екенін дәлелдеді. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай тасымалының маңызды бөлігі өтеді.
Сәуір айына қарай соғыстың экономикалық және әскери шығындарының өсуі Вашингтонды келіссөздерге баруға мәжбүр етті.
8 сәуірде атысты тоқтату режимі енгізіліп, кейін 17 маусымда 14 тармақтан тұратын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум талаптарына сәйкес, АҚШ әскери операцияларды тоқтатып, теңіз блокадасын алып тастауға және мұнай санкцияларының бір бөлігін жеңілдетуге мәжбүр болды. Бұл Иран мұнайының әлемдік нарыққа қайта шығуына мүмкіндік берді.
Вашингтон бұл жеңілдіктерді ашық мойындамауға тырысқанымен, аймақтағы геосаяси жағдайдың өзгергені анық.
Қақтығыс АҚШ-тың жоғары қарқынды соғысқа дайындығына қатысты да сұрақ туғызды. Patriot, SM-3 және THAAD секілді қымбат зымыранға қарсы жүйелерді ұзақ уақыт пайдалану америкалық қару-жарақ қорына салмақ түсірді.
Энергия ресурстарын жеткізудегі іркілістер АҚШ-та инфляциялық қысымды күшейтіп, экономикалық өсімге кері әсер етті.
Қазір Ақ үй тап болған жағдайдан шығудың және саяси тұрғыдан абыройын сақтап қалудың жолын іздеуде. Алайда әкімшілік риторикасы қақтығыстың нақты салдарлары аясында бұрынғыдай өтімді болмай тұр.
Тегеран ұстанымын өзгерткен жоқ: Иран соғысты қаламайды, бірақ егемендігіне төнген кез келген қауіпке қатаң жауап беруге дайын.
Соңғы алты ай Батыстың әскери қуаты Иранға өз шарттарын толық таңуға жеткіліксіз екенін көрсетті.
Вашингтондағы саяси ахуал өзгерген сайын Джейсон Кроу мен Тед Лью секілді заң шығарушылардың ұстанымы да айқындала түсті. Олардың пікірінше, бақылаусыз сыртқы әскери араласу тығырыққа тіреліп, америкалық қоғам оның салдарын әрі қарай көтеруге дайын емес.















