Иран АҚШ-тың әскери технологияларын зерттеп, оларды өз қарулы күштерінің мүмкіндігін арттыруға пайдалануда.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран зерттеу орталығының басшысы, шығыстанушы Раджаб Сафаров мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, Ислам революциясы Сақшылар корпусы осы аптада Ормұз бұғазының кіреберісінде америкалық ұшқышсыз суасты аппаратын қолға түсіргенін хабарлады. Иранның мемлекеттік және әскери ақпарат құралдары америкалық Anduril Industries компаниясы әзірлеген Dive-LD суасты аппаратының кадрларын жариялады.
Dive-LD суасты аппаратының ұзындығы шамамен 5,8 метр, диаметрі 1,2 метр, ал салмағы 2,7 тоннаны құрайды. Аппарат 6 шақырымға дейінгі тереңдікке сүңги алады әрі сыртқы байланыссыз 10 тәулікке дейін жұмыс істей алады. Оның модульдік конструкциясы құрылғыны теңіз барлауына, теңіз түбін картаға түсіруге, минаға қарсы операцияларға, сондай-ақ кабельдер мен құбырлар сияқты суасты инфрақұрылымын тексеруге бейімдеуге мүмкіндік береді.
Иран бұл операцияның қыркүйектің 8 күні таңсәріде барлау және операциялық жоғары шеберліктің нәтижесінде қол жеткізілгенін мәлімдеді. Ислам революциясы Сақшылар корпусы бұл құрылғыны ең заманауи үлгілердің бірі деп атап, оның АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағына 2025 жылы қабылданғанын атап айтты.
Алайда АҚШ тарапының нұсқасы өзгеше. АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, аппарат қолға түскенге дейін бір тәуліктен астам уақыт бұрын істен шыққан.
Сарапшы Сафаровтың пікірінше, америкалық нұсқадан бөлек басқа да сценарий болуы мүмкін. Мәселен, аппарат толық жұмыс істеп тұрғанымен, Иран әскері оны анықтап, байланысын әдейі бұғаттауы ықтимал. Мұндай жағдайда дрон штаттық режимде жұмыс істеп, белгілі бір уақытта байланыс орнату үшін су бетіне шығады. Осы сәтте ирандық бақылау құралдары оны байқап, радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы спутниктік байланысын өшіреді. Байланыстан айырылған аппарат апаттық режимге көшіп, кейін Иран әскерінің қолына түседі. Сарапшының айтуы бойынша, бұл сценарий техникалық тұрғыдан толық мүмкін.
Иран бұған дейін де америкалық ұшқышсыз аппараттарды қолға түсірген болатын. Атап айтқанда, 2011 жылы құпия RQ-170 дронына қатысты осындай оқиға тіркелген. Ал 2019 жылы RQ-4 Global Hawk ұшқышсыз барлау аппараты атып түсірілген.
Суасты дрондарына қатысты мұндай операция өте күрделі. Себебі радиотолқындар су қабатынан өте нашар өтеді. Сондықтан радиоэлектрондық басу құралдары аппарат су бетіне көтерілген сәтте ғана тиімді жұмыс істей алады. Осы тұрғыдан алғанда, Ислам революциясы Сақшылар корпусының бұл әрекетті «күрделі барлау-операциялық іс-шара» деп сипаттауы назар аудартады. Себебі ирандықтар тек істен шыққан құрылғыны жай ғана тауып алған болса, бұл әдеттегі патрульдік анықтауға ұқсар еді.
Алайда бұл болжамның басты осал тұсы — Вашингтонның аппараттың қолға түскенге дейін бір тәуліктен астам уақыт бұрын істен шыққанын мәлімдеуі. Дегенмен сарапшы Сафаровтың пікірінше, америкалық әскери қызметкерлер ақаудың сыртқы әсерден болғанын аңғармауы да мүмкін. Егер радиоэлектрондық әсер бағдарламалық қателікке немесе байланыс жүйесінің істен шығуына әкеп соқтырса, америкалық оператор мұны кәдімгі ішкі техникалық ақау ретінде ғана қабылдаған болар еді.
«Аппарат өздігінен істен шықты» деген америкалық нұсқа мен Иранның «күрделі операция жүргізілді» деген мәлімдемесі — бір оқиғаның екі түрлі сипаты. Дрон байланысқа шықпағаннан кейін, АҚШ мұны ішкі техникалық ақау деп қабылдады, ал Иран бұған сыртқы араласу себеп болғанын дәл біліп отыр.
Сарапшының пікірінше, Dive-LD аппаратының қолға түсуі америкалық технологияның әлсіздігінен гөрі, оны қарсылас елдің жағалауына жақын акваторияда қолдану жүйесінің осалдығын көрсетті. Мәселе құрылғының өзінде емес, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымда жатыр. Атап айтқанда, негізгі байланыс арнасы істен шыққан кезде қосылатын резервтік желінің, төтенше жағдайда орналасқан жерін көрсететін авариялық маяктың, сондай-ақ құпия деректерді дереу жою немесе аппаратты өздігінен істен шығару тетігінің болмауы үлкен қатер тудырған.
АҚШ әскері аппараттың істен шыққаны туралы бір тәуліктен астам уақыт бойы білсе де, оны қайтаруға әрекет жасамады. Мұның басты себебі — аймақтағы шиеленісті ушықтырмау және Иранмен ашық қақтығысқа жол бермеу саясаты. Қатер жоғары жағдайда іздеу кемелерін жіберу немесе әуеден соққы жасау тікелей соғысқа ұласып кетуі мүмкін еді. Сондықтан Вашингтон үшін ауқымды қақтығыс қаупі құнды технологиялық аппаратты қайтару пайдасынан әлдеқайда жоғары бағаланды.
Сарапшы Иранның бұл тұстағы басымдығын оның Ормұз бұғазында жылдар бойы қалыптастырған бақылау жүйесімен түсіндіреді. Иран бұл акваторияда кең ауқымды бақылау желісін жүйелі түрде дамытып келеді. Дронның байланысы үзілген сәтте, оның қай секторда жүргенін бағамдаған ирандық күштер құрылғыны қысқа мерзімде тауып алған. Бұл жағдай асимметриялық қарсыластықта позициялық артықшылықтың технологиялық басымдықтан да маңыздырақ бола алатынын айқын көрсетті.
Сонымен қатар бұл оқиға америкалық attritable systems, яғни жоғары тәуекелді операцияларда құрбан етуге болатын жүйелер тұжырымдамасының әлсіз тұстарын ашып көрсетті. Дронның жоғалуының өзі бұл доктринаға қайшы келмеуі мүмкін, өйткені мұндай техника бастапқыда белгілі бір шығынға ұшырайтын құрылғы ретінде жобаланады. Алайда басты қатер — озық технологияның қарсыластың қолына түсіп қалуында.
Қолға түскен аппаратты кері инженерия арқылы зерттеу қарсы тарапқа оның құрылымы мен технологиялық шешімдерін толық түсінуге жол ашады. Кейін бұл жиналған тәжірибе мен білім ұқсас немесе жетілдірілген өз жүйелерін жасау үшін пайдаланылуы ықтимал. Осы тұрғыдан алғанда, бір ғана аппараттың жоғалуы тек қарапайым әскери техника шығыны емес, болашақта қарсыластың технологиялық әлеуетін арттыратын маңызды стратегиялық қатерге айналады.
Айта кетейік, Иран Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлері 8 қыркүйек күні Ормұз бұғазының жанынан АҚШ армиясының ең заманауи ұшқышсыз суасты аппаратының бірін қолға түсірді.



















